Қостанай қаласында біраз тұрғын жылуға 600 миллион теңге қарыз

Оның ішнде ақысын жылдап төлемейтіндер бар.  Энергетикалық компания енді солардан қарызды өндіру үшін қатаң шараларға бармақ. Яғни аптасына екі рет полиция, сот орындаушылармен бірге рейд ұйымдастырып, борышкерлерді заң жүзінде мәжбүрлеуге кірісті. Бұл жолы пәтерді жалға алғандар назарға ілікті. Әкімдікпен арадағы келісім-шарт бойынша олар коммуналдық қызметке уақытылы төлеп тұруға міндетті. Бірақ бұл талапқа атүсті қарайтындар аз емес. Ескертеді, айтады, түсіндіреді. Жұмыс орындарына хабарласады. Тұрғын үй жәрдемақысын рәсімдеуге көмектеседі. Тіпті кейін төлеймін десе кепілдік хат қабылдайды. Одан нәтиже болмаса, ықпал етудің басқа тетіктерін қолдана бастайды.

Ирина Трапезникова, “Қостанай жылу энергетикалық компаниясы” МКК абоненттік қызмет басшысының орынбасары: – Біз биыл негізінен нотариалдық атқарушылық жазба арқылы әрекет етеміз. Осы бірінші тамызға дейін 4 мың 520 сондай жазба ескерту дайындадық. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда алты есе көп. Одан кейін ескертуге құлақ аспаса, сот орындаушылары іске кіріседі. Мұндай рейдтердің пайдасы бар. Жағдайды ушықтырмай сол сәтінде төлейтіндер болады екен. Әр рейд сайын 600-900 мың тенге жиналады-дейді жауапты мамандар. Бірақ көбіне заң аясында мәжбүрлеуге тура келеді деп отыр.

Төлеби Ахметбек, Қостанай қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы: – Қазіргі таңда Қостанай қаласында екі мыңнан астам жалға берілген пәтерлер бар. Оның жартысына жуық коммуналдық қарыздары бар квартиралар. Арадағы келісім-шарт бойынша жалға алған тұрғындар коммуналдық қарыздарды уақытылы төлеу керектігін айтамыз. Бір ай уақыт береміз. Егер осы уақыт аралығында төлемейтін болса, келісім-шартты бұзып, істі сотқа беруге мәжбүр боламыз.

Осындай іс-шаралардың нәтижесі болар, соңғы төрт айда тұрғындардың жылуға қарызы 900 млн теңгеден 600 миллион теңгеге қысқарған.

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров

Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/kogam/item/665345-ostanajda-zhyludy-aryzy-600-million-te-gege-zhetti