АМАNАТ-та жаңа жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды

Қостанай облыстық және қалалық мәслихаттарындағы «АМАNАТ» партиясы депутаттық фракцияларының бірлескен отырысында жаңа жылу маусымына дайындық, жылумен қамту көздерінің дайындығы және «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі мәселелері талқыланды.

Жиын басында халық өкілдері облыстағы су тасқынына қатысты бүгінгі жағдайды пысықтады. Бұдан кейін Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Аслан Орынбасаров алдағы жылу беру маусымына дайындық жоспарымен таныстырды. Оның айтуынша, бүгінде инженерлік желілердің тозуы 47,4 пайызды құрап отыр. 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 43 пайызға дейін төмендету бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.

2024-2025 жылыту маусымына дайындық аясында ЖЭО-2 – да екі магистральдық бу құбырын және 1,4 шақырым магистральдық желіні қайта құру жоспарлануда. Сонымен қатар, ұзындығы 1,2 шақырым болатын жылу желісінің учаскелері мен құбыр желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ЖЭО мен ЖЭО-2 екі ыстық су қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2024-2025 жылдар аралығында кәсіпорынның электр энергиясына қажеттілігін өтеу үшін 4,8 шақырым жылу магистралін қайта жаңғырту және газ тұтынатын электр станциясын салу жоспарлануда.

2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымы әдеттегідей өтіп, 22 сәуірде сәтті аяқталған. «Қостанай жылу-энергетикасы» кәсіпорнының директоры Асқар Бекпағанбетов 2 мамырда қаланың әртүрлі бөліктеріндегі магистральдық және блокішілік жылу желілерінің жабдықтарын жөндеу және гидравликалық сынақтан өткізу үшін жылу көздерін өшіру басталғанын атап өтті.

«Қаладағы тұтынушылардың көпшілігі үшін 2 мамырдан 9 мамырға дейін, сондай-ақ 20 мамырдан 1 маусымға дейін орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау қызметтері жұмыс істемейді. Уақытша қолайсыздықтарға қарамастан, жылу-техникалық инфрақұрылымның қалыпты жағдайы мен жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ алдағы жылыту маусымына дайындық үшін жылу көздерін тоқтату өте маңызды», – деп түсіндірді Асқар Бекпағанбетов.

Осы кезеңде бюджеттік қаржыландыру есебінен жылу желілеріндегі 44 бірлік секциялық ысырмаларды ауыстыру жоспарлануда.

Жылу энергиясы мен ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесінде баса назар аударатын нәрсе ол – тұтынушылардың қарызы. 22 мамырдағы жағдай бойынша қарыз 1 млрд 868 млн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 305,6 млн теңгеге немесе 19%-ға артық. Жазда компания қызметкерлері берешекті өндіріп алу бойынша ауқымды жұмыстарды жүргізетін болады.

Жалпы, алдағы 2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бекітілген жоспарлар мен кестелерге сәйкес жүргізіліп, ерекше бақылауда.