Еңбек етуден жалықпаған

Кәсіби маман Наталья Деримедведь жайында

Көп жыл қатарынан бір жерде жұмыс істеп, сол мамандықтың нағыз білгірі болып шығу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бірақ қандай істі қолына алса да ждаһаттылықпен орындап, оның жемісін көріп отырған жандар қаншама. Менің бүгінгі кейіпкерім өз ісінің білгірі Наталья Деримедведь дәл осындай жандардың бірі десем қателеспеген болармын.

Балалық шағы Қарағанды қаласында өтіп, Алматы облысының Үштөбе қаласында мектеп бітірген Наталья Петровна 1980 жылы 17 жасында құрбысына еріп, Қостанай шаһарына келеді. Кеше ғана мектеп бітірген өзіне жаңа, таңсық дүниелерге құмар бойжеткенге әсем қала Қостанай қатты ұнап қалады.

– Маған Қостанайдың қыста қары көп жаңа жыл мерекесінің сән салтанатымен өтетіні қатты ұнады. Бұл шаһардың ауасы таза, ауа райы менің қалағанымдай, қыс мезгілінде кәдімгі қыс болатыны ұнап қалды,-деп алғаш Қостанайға келген кезін еске алады кейіпкерім.

Мектеп бітірген жылы бірден оқуға түсе алмаған ол, құрбысымен Қостанайда тұруға бел буады. Осында жұмысқа орналасып, кейін педагогикалық институтында физика-математика мамандығы бойынша білім алады. Қолына диплом алған соң 3 жылдай мектепте ұстаз болып жұмыс істейді.
Уақыт өте келе 1994 жылы Қостанай жылу энергетикалық компаниясына программист болып жұмысқа орналасады. Бүгінде ол мұндағы автоматикалық жүйелерін басқару бөлімінің меңгерушісі. Қарамағында программист, электрлеуші, техник сынды 7 маман жұмыс істейді.

Наталья Петровна басқаратын бөлім жылыту компаниясының барлық филиалдарындағы қолданыстағы компьютердерді жөндеу, орнату, бақылау жұмыстарын атқарады.

Мұндағы жұмыскерлердің компьютерлері бұзылып қалса, осы бөлімнің қызметкерлеріне хабар береді. Мұндағы мамандар орын алған қолайсыздықтарды жойады. Сонымен қатар компьютер техникасына қажетті құралдарды сатып алумен де айналысады.

Бүгінде кәсіби маман Наталья Петровна бұл жұмыстарды толық меңгерген. Өз жұмысын жақсы көреді. Күнде таңертең жұмыс орнына үлкен қуанышпен келетінін айтады.

– Мен ешқашан еңбек етуден жалыққан емеспін. Өйткені, мен өзімнің жұмысымды жақсы көремін. Егер адамның жұмысы көңілінен шығатын болса, ол күнде жұмыс орнына үлкен қуанышпен келеді. Сондықтан адам өз мамандығын толық меңгеруі керек. Сонда ешқандай қиындық болмайды,-дейді ол.

Қазіргі таңда кейіпкерім Наталья Петровна өзінің сүйікті жұмысының сыртында сүйікті немерелері де бар екенін айтады. Қызы Еленадан Вероника және Семен есімді екі немере сүйіп отыр.

Демалыс күндерінде осы немерелерін ертіп, сүйікті қаласы Қостанайда қыдырады. Оларға тәттілер алып береді. Бір күн көрмесе тұра алмайды. Немерелері де әжесін сағынып, оған жиі келіп тұрады екен.

– Мен жұмыстан қолым босаса болды немерелеріме асығамын. Олар да мені қатты жақсы көреді. Үйіме келсе барлық тәттімді үстелге қойып, олардың сүйікті тағамдарын дайындап беремін. Шынымды айтсам немерелерімді қызым Еленадан да артық жақсы көремін,-дейді ол.

Немерелері жайында айтқанда жүзі бал-бұл жанып, көзінен шаттықты сезіндік. Бала бауыр етің болса да, немере одан жақын емес пе.

Міне, бүгінде адал еңбек етіп, жемісін көріп отырған жарқын жүзді, жаны таза кейіпкеріме әрдайым еңбегі жанып, тек биіктерден көріне берсін дегім келеді.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА