Қостанайдағы №2 жылу энергетика орталығы – тұрғындарды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ететін маңызды нысан. Бұл саладағы мамандардың еңбегі, әсіресе, қыстың қақаған аязында ерекше бағаланады. Солардың бірі – Азамат Шаяхмет.
Ол Науырзым ауданы Шолақсай ауылының тумасы. Азамат Евразия ұлттық университетінде «Ядролық физика» мамандығы бойынша білім алған. Одан кейін Ресейдің Дубна қаласындағы зерттеу институтында қосымша білімін жетілдіріп, еңбек жолын Қостанайда бастайды. Жылу энергетика саласында түзету инженері ретінде қызмет атқарды. Кейін жылу энергетика компаниясында «Жылыту» аймағында инженер болды.
«Балалық шағынман әскери қызметкер болуды мақсат еттім. Алайда тағдырымның өзге арнаға бұрылғанына өкінбеймін. Студенттік жылдарым Астанада, Ресейде өтті. Қостанай қаласын жақсы білмейтінмін. Жылыту аймағында жұмыс істеген кезімде құбырлардың сызбаларын сыздым. Олардың орналасуын зерттей жүріп қаланы тани бастадым. Осы салаға қызығушылығым да сол уақытта артты», – дейді Азамат.
Жылу орталығы – халықты жылумен ғана емес, электр энергиясымен де қамтамасыз етеді.
Бұған дейін Қостанайдың КСК шағын ауданы тек жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етілген. 2021 жылдан бастап нысан жылу электр орталығына (ЖЭО) айналып, электр энергиясын өндіре бастады. Бұл үшін арнайы турбина қондырғысы орнатылған.
«Біздің басты міндетіміз – қыстың қақаған суығында халықты жылумен, ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз ету. Бастысы – тұрғын үйлердің жылы әрі жайлы болуы», – дейді ол.
Жөндеу бөлімінің бастығы ретінде жемісті еңбек атқарған Азамат Шаяхмет турбина қазандығының бастығыт қызыметіне көтерілді.
Қазіргі таңда оның міндетіне турбина қазандығындағы қондырғылардың жұмысын реттеу, негізгі және қосалқы турбиналардың үздіксіз жұмыс істеуін бақылау кіреді.
«Жұмысқа алғаш келгенде қиындықтар болды. «Құбырлар қандай температурада жұмыс істейді, сорғылар қалай жұмыс істейді, қазандықтардың принциптері қандай?» деген сұрақ туындайды. Осылардың бәрін меңгеруге тура келді. Бір нәрсені жақсы меңгермейінше, оны дұрыс атқару мүмкін емес. Қазір бұл салада өзімді нағыз маман ретінде сезінемін», – дейді Азамат.
Бүгінде жылу энергетикасы саласында жас мамандар жоқтың қасы. Жөндеу бөлімінде жұмыс істейтіндердің көбі 3-4 жылда зейнетке шығуға дайындалып жатыр, ал жаңа кадрлар тапшы.
«Жалақысы аз, жұмысы ауыр деп жастар бұл салаға қызықпайды. Бірақ 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануы, төмен пайызбен баспана беру сынды мемлекеттік қолдаулар жас мамандарды осы салаға тартуға көмектеседі деп ойлаймын», – дейді Азамат.
Жылу энергетикасы – жауапкершілігі жоғары сала. Екібастұз бен Рудныйдағы жылу ошақтарының апаттары бұл саланың қаншалықты маңызды екенін тағы бір дәлелдеді.
«Біз үшін басты мақсат – халықты үздіксіз жылумен қамтамасыз ету. Мұндай төтенше жағдайларды болдырмас үшін барынша сапалы әрі қауіпсіз жұмыс істеуге тырысамыз», – деп сөзін түйіндеді Азамат Шаяхмет.
Балауса ЖҮНІС